Жазылар естеліктер мен туралы
Бүгінде өлеңдері ең көп оқылатын ақын – Мұқағали Мақатаев. Мұнымен ешкім дауласпайды да! Күнделігінде Мұқаң: «Ей, безгелдектер, сендер емессіңдер маған бата беретін. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақ келеді, біздің әрқайсымызды солар өз орнына қояды. Мен өз жайымда мынаны айтамын: мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан әрідегі ұрпақтың туысымын да» деп жазыпты. Ақиық ақынның 80 жылдық мерейтойында іске асырылған игілікті істің бірі – «Мұқағали» журналының негізінде мақалалар жинақталып, үш томдық кітап жарық көрді. Оның бірінші томында естеліктер, ал екінші томы түгелдей ғылыми зерттеулерге толы болса, үшінші томында Мұқағалиға арналған өлеңдер, арнаулар жазылды. «Жазылар естеліктер мен туралы…» деп ақынның өзі жырлағандай Мұқағалидың көзін көріп, бірге жүргендер арасында бүгінде ақынның әр ісін аңыз қылып айтып, ақын жайлы естелік жазбағандары кемде-кем. Сол естеліктердің бірнешеуіне көз жүгіртсек…
Жары Лашын Әзімжанова:
Мені балаларымен қоса ұйықтатып тастап барып өлең жазуға кірісетін. Осылайша таңды атыратын кездері де бар. Жұмекеңнің: «Мұқаңның шамы таң атқанша сөнбейді» деп әзілдейтіні де содан. Бір жазғанда өндіріп тастайтын. Ал үлкен дүниелерге әбден әзірленіп болған соң барып отыратын. «Ильич», «Райымбек, Райымбек», «Аққулар ұйықтағанда» поэмалары осылай туған. Мұндайда ұйқыны да, тамақты да ұмытатын. Бізге беймәлім бір құдіреттің әсері ме, көзінде нұр жайнап, жүзінде қан ойнап алабұртып отыратын. Ертесіне жазған өлеңін шабыттанып, мақтанып, шай үстінде ең әуелі маған оқып беретін. Сонсоң үйде отыра алмай қанаттанып, Одақ жағына асығатын. Қайсыбіреулердің осы күнгі айтып жүрген «Мұқаң қызып алып, бұрқыратып өлең жазады» дегені өтірік. Ішіп алып өлең жазушы ма еді адам?! Тұнық сезім, тұма сезім ащыны жұтқан сайын лайланып, былғанбай ма. Өз басым өмірімде Мұқаңның мұндай күйде өлең жазғанын көрген жоқпын.
Оразақын Асқар:
Мұқағали менімен танысқан кезінде 1955 жылы ауылда қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ беретін мұғалім екен. Жасы жиырма бестерде. Темекі тартпайды, арақ ішпейді. Орыс тілін өздігінен меңгерген. Ауылда, ауданда, мектептерде кітапханалардың бәрін де оқып алған еді. Сонда Лашынның інісі Мәскеуде жұмыс жасайды екен. Сол жігіттен арнайы Ресейден кітаптар алдырады екен. Мұқағали өзін өзі оқытып, өздігінен білім алған. Бір қызығы, Казгудың филология факультетіне түсіп, екі жылдан кейін ол жақтан шығып кеткен. Одан кейін ақын шет тілін білуі керек деп, неміс тіліне қызығып, шет тілдері институтына оқуға түскен. Оны да солай тастап кеткен. Тіпті Мәскеудегі екі-ақ жыл оқытатын Горкий институтына түсіп, келесі жылы кетіп қалған екен. Өзінің күнделігінде жазады ғой, «білімім орташа, бірақ жоғарыдан кем емес» деп. Ол расында да артық білген. Алла оған дарын берген.
Азаматтығын айтар болсақ, Мұқағали өте ашық мінезді, керемет адам болған. Ол өзінің жазғандарының дәрежесіндегі кісілерді өзіне дос деп есептейді. Сондай жағдайда жалғыздық көргенін байқаймыз. Ал қоғамдағы қарым-қатынасына келер болсақ, ол өте тілтапқыш, бір көргеннен сөйлесе кететін адам болатын. Достарына келер бослақ, Шәмілмен, Төлегенмен, Оспанханмен, Қадірмен, Тұманбайлармен дос болды ғой.
Бибігүл Төлегенова:
Әлі есімде, 1950 жылдың бас кезі. Мұқағали екеуміз Қазақ радиосында бірге жұмыс істедік. Мен – әншімін, ол – диктор. Біз секілді студенттер үшін бұл деген – үлкен олжа. Менің байқағаным, ол қашанда кеудесін тік ұстайтын. Көңіліне кір жасырмайды. Кімнің алдында болса да пікірін ашық, әрі нық айтады. Бірақ шуағы мол. Әдемі қалжыңдайды. Тектілігі көрініп тұрады. Әйтеуір өзіме деген сый-құрметінен басқа бөгде қылығын көрген емеспін. Талантты, өнерді өте жоғары бағалайтын.
Нұрғали Нүсіпжанов:
70-жылдардың басында Мұқағали ақынмен алғаш рет дидарластым. Жаңадан комсомол сыйлығының иегері атанған кезім. Опера және балет театрында үлкен концерт болды. Соның арасында сусын ішейін деп, «Алматы» қонақүйіндегі мейрамханаға кірдім. Ту сыртымнан «Бей, әнші бауырым, аман ба?» деген тұнық, үні зор дауыс естілді. Қарасам, тұлғасы таудай болып Мұқаң өтіп барады. Өлеңін іздеп жүріп оқитын ақынға ұшып тұрып құрмет көрсеттім. Ол кісі де мені сыртымнан едәуір біледі екен. Ағалы-інілі болып, жарасқан қалыпта әңгімелестік. Танымы, білімі бірден жаныңды баурап алды.
Әбіш Кекілбаев:
Мұқағали – қазақ поэзиясының ұзақ сағынып көрген асыл перзенттерінің бірі. Ол – шын мәніндегі ұлттық құбылыс… Ол халық болмысымен біте қайнасып кеткен ұлы тұлға. Ұлы құбылыс. Ұлы ақын. Мұқағалиы бар халық өлмейді. Мұқағалиы бар әдебиет күннен-күнге жаңара, жасай береді. Тіршіліктің тәттілігі мен ақиқаттың ащылығынан мейірі қанғанша дәм татқан қауымның өскелеңдігі мен өміршеңдігі де осында. Мұқағали халқымен бірге мәңгі өмір сүреді.
Комментариев нет:
Отправить комментарий